Ұлтымыздың алтын бесігі саналған Ұлытау даласы

Қасиетті Ұлытау! 


Қазақ елінің қара шаңырағы болған Ұлытау! Уық шанышқан Ұлытау! Сары даланың төсінде орналасқан, айнала жұртының тірлігін қалт жібермей қарауылдап тұрған осы киелі таудың Ұлытау деген атауы қайдан шықты екен?


Белгілі бір ұлт пен ұлыс, ру тайпа мекендеген өңір сол халықтың өткен-кеткенінен сыр тарқатып жататын тарих куәгері іспетті. Тас бетіне таңбаланып түскен жазба ескерткіштердің біз үшін берері қандай болса, әрбір тау, жыра, сай, көл, бұлақ, құдық пен төбелерге қойылған атаулардың да мән-маңызы одан бір мысқал да төмен болмақ емес.

Ұлытау - Жезқазған өңірі – тарих тұнбасы сияқты өңір. Тым көне, бізден алыс замандардың өзінде осы өңірді ел мекендеп, құтты қоныс еткен.


Ұлытау – тарихы ғасырлардың терең қойнауына кететін, ел басына күн туған шақтарда халқымызға пана болған, хандарымыз ақ боз ордаларын тіккен, билеріміз бен батырларымыз бастарын қосып, ел болып ғұмыр кешудің келелі: мәселелерін шешкен, киелі де құнарлы, әрі қазыналы өлке. Белгілі тарихи тұлға, ғалым П.Н.Савицкийдің: «Қазақстанның інжу-маржаны Ұлытау қандай керемет! Мұғалжар қандай ғажап!... Бұлардың бәрі – байтақ даладағы қорықтар, жай ғана дамудың орталықтары емес, этностардың өсіп-өну орталықтары, «киелі орындардың» ең бір құдіреттілері», деп - таң қала суреттеуі – Ұлытаудың тарихи орнын тани түсуге тартатын зор бағалау.